АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Былтыр күздің қара суығында Риддер мен Екібастұз халқы жылусыз қалды. Қос қаланың жылу электр орталықтары жылу беру маусымына дайын болмай шықты. Бүкіл елді алаңдатқан апаттан кейін шенеуніктер жылдар бойы шешімін таппаған проблемаға шындап ден қоя бастады.
Отыз жылда елдің энергетикалық жүйесіне неге көңіл бөлінбеді? Кеңес одағынан мұра болып қалған жылу электр орталықтарын қалай жаңартамыз? "Тарифті инвестицияға айырбастау" саясаты өз жемісін бере ме? Sputnik Қазақстан тілшісі энергетика саласындағы сарапшылардың пікірін білді.
Петропавл, Риддер, Екібастұз
Ел есінде қалған апаттардың бірі былтыр Наурыз мейрамы қарсаңында Петропавлда болды. Екінші жылу электр орталығының мұржасы опырылып құлады. Өкінішке қарай, машинист әйел қаза тапты.
Бірнеше қазандықтың жұмысы тоқтатылды. Тұрғындар жылусыз қалды.
Қараша айының басында Риддер ЖЭО-да апат болды. Қар түсіп, күн суытқанда 22 мың адам жылудан ажыратылды. Қалада, тіпті төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті билік апат салдарымен үш апта күресті.
Биыл қаңтар айында дәл осы нысанда тағы ақау шықты. Көмір беру трактісі өртеніп, күн сайын 240 мың тонна көмірді қолмен тасып салуға тура келді.
Ал 27 қарашаға қараған күні Екібастұз қаласы ірі төтенше жағдайға тап болды. Жылу желілеріндегі апаттан ЖЭО-дағы қазандықтар тоқтап қалған. Жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. 13 мыңнан аса азаматтың үйлері жылу, ыстық су және кәріз жүйесінен ажыратылды.
Президент Екібастұздағы төтенше жағдайды нағыз апат деп атады. Осы оқиғадан кейін Тоқаев Павлодар облысының әкімі болған Әбілқайыр Ысқақовты қызметінен босатты.
Назар аударар факт: апат болған Петропавл ЖЭО-2 мен Екібастұз ЖЭО олигарх Александр Клебановқа тиесілі.
Ресми статистика
Бір емес, бірнеше кезекті апаттан кейін энергетика министрлігі елдегі барлық жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жасады. Республикада 37 ЖЭО бар: 12-сі – коммуналдық және квазимемлекеттік меншікте, қалған 22-cі – жеке меншік.
Министрлік 37 ЖЭО-ның 19-ын "қызыл" аймаққа кіргізді, өйткені нысандар әбден тозған, жай-күйі көңіл көншітпейді. Айтпақшы, жоғарыда атап өткен Петропавл, Екібастұз, Риддер ЖЭО-сы дәл осы аймақта тұр.
Қалған 11 ЖЭО "сары", ал жетеуі "жасыл" аймаққа енді.
Еліміз бойынша ЖЭО-дағы жабдықтың тозу көрсеткіші орташа 66 пайызды құрап отыр. Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларында бұл 80%-тен асып кеткен.
Ал жылу электр орталықтарының орташа жасы – 61 жас. Сексен пайызға жуығы жарты ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп тұр.
Проблеманың түп-төркіні
Жылу электр орталықтарының қазіргі жағдайы ұзақ жылдар бойы "жабулы қазан жабулы күйінде" қалғанын көрсетті. Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының президенті Талғат Темірхановтың айтуынша, мұның төрт себебі бар.
Біріншісі – энергетика саласын реттеудің бытыраңқылығы.
"Мәселен, жалпы энергетика саласындағы саясатты энергетика министрлігі, тарифтік саясатты ұлттық экономика министрлігі жүргізеді, ал экология мәселелері экология министрлігіне қарайды. Бәрі жан-жаққа тартады. Менің ойымша, бәрі әрбір құзырлы орган өз саясатын орталықтандырылмай жүргізуінің салдарынан болып жатқан дүние", - дейді сарапшы.
Екінші мәселе – энергетикаға инвестиция тартудың қиындығы. Баршаға мәлім, келешекте көмір пайдалануды азайту міндеті тұр, сондықтан инвесторлар көмір генерациясына қомақты ақша құюға құштар емес.
"Бүгінде бүкіл әлем көмірдің лас екенін, оны мейлінше азайту керектігін айтып жүр. Осыған байланысты ұлттық экономика министрлігі төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеп жатыр. Сол құжат аясында 2040 жылдан бастап елімізде көмір генерациясы қысқара бастайды. Әрине, инвесторлар бұл жағдайды көріп, көмір генерациясына инвестиция құюға қорқақтайды. "Болашақта мен салған инвестиция мемлекетке керек бола ма, жоқ па" деген сияқты болжамдар бар. Сондықтан қазір көмір генерациясына ақша тарту өте қиынға түсіп жатыр", - дейді Темірханов.
Үшіншісі – инвестиция тарту үшін қомақты қолма-қол қаражаттың жоқтығы.
"Көп ақша қазір кімде бар? Әрине, банктерде. Ал банктер кредит берген кезде бірсыпыра құжат талап етеді. Күні ертең несиені қайтара алатыныңды дәлелдейтін қағаз сұрайды. Ал бізде ондай дәлелді көрсету мүмкіндігі азайып жатыр. Неге десеңіз, тарифтік саясат 5-7 жылға жасалуы керек. Сол есеп банкке дәлел болады. Егер тарифтік бағдарлама болмаса, банктер де күмәндана бастайды. Сондықтан олар бізге қолма-қол ірі соманы бере қоймайды", - деп түсіндірді маман.
Бұған қоса, оның айтуынша, елімізде стратегиялық, инфрақұрылымдық жобалар үшін жеңілдетілген несие жоқ. Нарықтағы пайызбен алуға тура келеді.
Төртінші мәселе – энергетика саласындағы кадр тапшылығы. Маман тұрақтамайды, себебі айлық аз.
"Мәселен тамақ таситын Glovo сервисін алайық. Мұнда істейтін азаматтар энергетика саласымен салыстырғанда ақшаны 3-4 есе көп табады. Бұл дұрыс па, бұрыс па, өздеріңіз бағасын бересіздер. Менің ойымша, бұл үлкен баланстың жоғалуы. Өйткені стратегиялық, жылу мен жарық беретін компанияларда жалақының төмен болуы мамандардың кетуіне әкеп соғады", - дейді Темірханов.
Сарапшының айтуынша, батыс өңірде энергетика мамандары бір-екі жыл жұмыс істейді де, артынан мұнай-газ саласына ауысады. Онда жалақы энергетикамен салыстырғанда 2-3 есе жоғары. Ал солтүстік облыстарда тұратын энергетиктер Ресей компанияларына кетіп жатыр. Көрші елмен жалақы айырмашылығы 200-220 мың теңгеге дейін барады.
"Былтыр желтоқсанда заң қабылданған болатын. Бұл заң аясында бес жыл бекітілген тарифті қайта қарау мүмкіндігі көзделген. Егер сіз жалақыны көтергіңіз келсе, алдымен, өкілетті органға өтінім бересіз, оны дәлелдейсіз. Егер дәлелдей алсаңыз, сізге тарифті қайта қарастырып береді. Неге десеңіз, біздің жалақымыз тарифтік сметада көрсетілген. Егер біз айлықты көтереміз десек, міндетті түрде тарифті қайта қарастыру қажет. Сондықтан осындай жағдай туындап жатыр. Кадр мәселесі біз үшін өте өзекті", - деп атап өтті қауымдастық төрағасы.
Қазіргі маман тапшылығын ескерсек, ЖЭО-ларды жөндеу жұмыстарын кім жүргізетіні де біз үшін үлкен сұрақ, дейді сарапшы.
Энергетика министрлігінің ресми дерегіне сүйенсек, 2021 жылы ЖЭО өндірістік персоналының орташа жалақысы 224 100 теңгені құрады.
"Тарифті көтеру керек"
Энергетика министрлігінің экс-кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов жылу электр орталықтарының қордаланған проблемасын шешу үшін тарифті өсіру қажет деп санайды.
Оның пікірінше, кез келген салада бағаны жасанды жолмен ұстап тұру тапшылық пен сапаның нашарлауына әкеп соғады.
"Мұнай-газ бен энергетикада бағаны, тым құрығанда, шығын шықпайтын деңгейге дейін теңестіруді көптен бері айтып келемін. Электр энергиясы қазірдің өзінде 2 есе, ал жылу энергиясы 3 есе қымбат болуы керек. Инвестицияның жетіспеушілігі саланы жүйелі дағдарысқа әкеп тіреді", - дейді Байділдинов.
Оның айтуынша, жекеменшік ЖЭО-ны мемлекет меншігіне қайтару – барып тұрған популизм. "Диван сарапшыларының" жағдайды мүлде түсінбейтінін көрсетеді.
"Егер дәл сол Екібастұздағы жылу электр орталығын алсақ, оны әкімдікке қайтаруды ұсынғанына екі жылдың жүзі болды. Бірақ әкімдікте жөндеуге және оны жарамды күйде ұстап тұруға ақша жоқ", - дейді ол.
Сарапшының бағалауынша, қазақстандық ЖЭО мен желілердің үздіксіз тұрақты жұмысы үшін ең кемі 10 млрд доллар қажет.
"Ал бізде бүкіл елдің жылдық бюджеті – 35-40 млрд доллар ғана. Мұндай ақшаны қайдан аламыз? Бізде қазақстандық та, шетелдік те инвесторлар қызығатын "адекватты" тариф болуға тиіс. Сол кезде ғана салаға бәсекелестік пен жаңа технологиялар келеді. Әйтпесе әр жыл сайын тапшылықтан көз ашпаймыз", - деп есептейді Байділдинов.
Тарифті инвестицияға айырбастау
Үкімет президент тапсырған "Тарифті инвестицияға айырбастау" жаңа тариф саясатын іске асыруға кірісті. Осылайша шенеуніктер ЖЭО-ның меншік иесін инфрақұрылымға ақша құюға міндеттейді, ал оның орнына тарифті көтеруге рұқсат береді.
Энергетика министрлігі аталмыш бағдарлама салаға жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін инвестиция тартуға мүмкіндік береді деп болжап отыр.
Сарапшы Талғат Темірханов "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасынан зор үміт күтеді. Ол да тарифті көтеру қажет деген пікірде.
"Қазіргі таңда Атырау қаласында қарапайым халық электр энергиясының бір киловаты үшін 6 теңге төлейді. Бүкіл қала тұрғыны – көпбалалы аналар, зейнеткерлер, мұнай-газ саласында істеп жүрген беделді азаматтар – бәрі 6 теңге төлеп жатыр. Енді бұл әділетті ме, әділетсіз бе, өздеріңіз шешесіздер. Менің ойымша, қалталы азаматтар әділетті тарифті төлеуге шамасы келеді. Сондықтан неге оларға әділетті тариф бермеске?! Меніңше, бұл тариф мәселесін шешуге көмектесер еді", - деген ұсыныс айтты электр энергетика қауымдастығының төрағасы.
Ал зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар, тұрмысы нашар отбасылар үшін бұрынғы тарифті қалдыруға да болады. Азаматтарды жағдайына қарай әртүрлі топқа бөліп, тиісінше соған сай тариф деңгейін бекітсе, менің ойымша, төлей алатын азаматтар төлеуге дайын, деп жалғастырды сөзін Темірханов.
Сарапшының пікірінше, жылу орталықтары мен желілерді ретке келтіру үшін тариф жыл сайын 15-20 пайызға өсіп тұруы шарт. Бірақ бағаны көтеріп қана қоймай, қадағалау жұмыстарын да күшейткен абзал. Өйткені халықтан түскен ақша өз орнымен, яғни жоспарланған жөндеу жұмыстарына, жалақыны көтеруге жұмсалуы керек.
Айта кетері, "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы Қазақстанда бұған дейін де болған. Дәлірек айтқанда, ол 2009 бен 2015 жылдар аралығында жүзеге асырылды.