АЛМАТЫ, 30 қаңтар – Sputnik. Индонезия астанасы Джакартада винтовка және тапаншамен нысана көздеуден әлем кубогы өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының қоржынына екінші жүлде түсті, деп хабарлайды спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бәсекеге 31 елден, 300-ге жуық спортшы келген. Қазақстандық Валерий Рахымжан мен Ирина Юнусметова пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуде қола медаль жеңіп алды.
Қазақстан құрамасы аралас жұптар арасындағы жүлдеге таласта Оңтүстік Корея спортшыларын 16-10 есебімен жеңді. Екінші қола Австрия мергендеріне бұйырды.
Айта кетері, кеше Валерий Рахымжан пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуден жекелей сында 4-орын алған.
Джакартадағы бәсекеге барлығы 15 қазақстандық спортшы аттанды. Олардың бәрі Әлем Кубогы қарсаңында 10-26 қаңтар аралығында Кувейтте өткен оқу-жаттығу жиынына қатысқан.
Қазір Қазақстан және Польша құрамасы жалпы есепте 2 медальмен (1 күміс, 1 қола) 7-орында қатар тұр. Индонезиядағы сайыста рейтинг ұпайлары сарапқа салынып жатыр. Ал ол ұпай кейін Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік береді.