Павлодарда мас жүргізуші бір жылға сотталды

Sputnik
АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Павлодарда өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған азамат қайта рөлге отырып, бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Polisia.kz.
Жыл басынан бері Павлодар облысында полицейлер мас күйінде көлік жүргізген 54 жүргізушіні ұстады. Олардың кейбірі мас күйінде қайта рөлге отырған.
"Патрульдік полиция инспекторлары Ақсу қаласында М.Мәметова көшесінде Volkswagen Golf автокөлігін тоқтатты. Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шыққан. Медициналық куәландыру көрсеткендей, 29 жастағы азамат жеңіл дәрежеде мас болған", – деді Павлодар облысы Ақсу қалалық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Рахметов.
Тәртіп сақшысы құжаттарды тексеру барысында бұл жүргізушінің мас күйінде автокөлікті басқарғаны үшін полицияға бірнеше рет жеткізілгені анықталды.
29 жастағы азамат алғаш рет 2020 жылдың қаңтарында ұсталып, 3 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған. Алайда 2020 жылдың сәуір айында ол қайтадан мас күйінде көлік жүргізіп ұсталған. Сол кезде сот ер адамды өмір бойы көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеген. Бірақ бұл жағдайлар жүргізушіге сабақ болған жоқ. Жүргізушіні полицейлер тағы да осындай заң бұзушылық үшін тоқтатты.
"24 қаңтарда материал қалалық сотта қаралды. Сот барлық материалды зерделеп, жүргізушіні бір жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ жүргізушіні мемлекет кірісіне шығындарды төлеуге міндеттеді", – деп нақтылады Арман Рахметов.