АСТАНА, 29 қаңтар – Sputnik. Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасының жедел медициналық жәрдем станциясы базасында 7 жаңа автокөліктің кілтін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
2022 жылы шыққан 4 JAC және 3 Газель -Некс жедел жәрдем көлігі былтыр республикалық бюджет есебінен сатып алынған.
"Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясын жаңа автомобильдермен қамтамасыз ету өңірдегі медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз", - деп санайды Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Жедел жәрдем көліктерін Жезқазған (2), Сәтбаев (2) қалаларының, Қаражал қаласы Жәйрем кентінің (1), Жаңаарқа ауданының (1), Ұлытау ауданы Жезді кентінің (1) жедел медициналық жәрдем станциялары алды. Бұл санитариялық көліктер заманауи портативті медициналық жабдықтармен жабдықталған, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта Ұлытау облысының әлеуметтік - экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асырылып жатыр. Соның аясында түрлі көздерден қаржыландырылатын денсаулық сақтау саласындағы 19 жобаны іске асыру көзделген.
Мәселен, облыстық жедел жәрдем станциясы үшін 7 жедел жәрдем автокөлігі мен 5 реанимобиль, 7 мобилдік гараж кешені мен Сәтбаев қаласының емханасын сатып алу жоспарланып отыр.