АСТАНА, 29 қаңтар – Sputnik. Украина Қарулы күштерінің Луганск Халық Респубикасындағы Новоайдар қаласындағы аурухананы атқылауы Женева конвенциясын бұзу болып табылады, деп мәлімдеді Ресейдегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Татьяна Москалькова. Осы фактіні негізге ала отырып, ол БҰҰ мен Халықаралық Қызыл Крест комитетіне үндеу жолдап, адам құқықтарының бұзылуына жол бермеуді талап етті, деп хабарлайды РИА Новости.
Бір күн бұрын украиналық әскерилер америкалық HIMARS реактивті жүйесін пайдаланып, Новоайдардағы (ЛПР) ауруханаға шабуыл жасады. 14 адам қаза тауып, тағы 24 адам жарақат алды. Ресей қорғаныс министрлігі азаматтық нысанға шабуыл жасау әскери қылмыс екенін атап өтті.
"Украина Қарулы Күштерінің әрекеті 1949 жылғы Женева конвенциясының 18-бабын өрескел бұзды. Мен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарына және Халықаралық Қызыл Крест комитетіне (ХҚКК) адам құқықтарын бұзуға жол бермеу және Украина билігін Женева конвенциясын сақтауға шақыру талабымен жүгінемін", - деп жазды Москалькова өзінің телеграм-арнасында.
Ол Женева конвенциясында "жаралыларға, науқастарға, мүгедектерге және босанушы әйелдерге көмек көрсету үшін ұйымдастырылған азаматтық ауруханалар кез келген жағдайда шабуыл жасау нысаны бола алмайды" деп жазылғанын еске салды.
"Мен жаңа Нюрнбергтің адамзатқа қарсы осы қылмысқа қатал баға беретініне сенімдімін", - деді ресейлік омбудсмен.