Қазақстандықтар кез келген ХҚКО-да шетелдік көлікті заңдастыруға өтініш бере алады

Sputnik
АЛМАТЫ, 29 қаңтар - Sputnik. ​Қазақстандық жүргізушілер кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында көлігін заңдастыруға өтініш бере алады. Бұл туралы Бағдат Мусин өзінің телеграм парақшасында жазды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында цифрлық даму министрлігі ішкі істер министрлігімен бірлесіп, азаматтарға қызмет көрсету жұмысын жүзеге асырып жатыр.
"Астананың №1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Көліктерін заңдастыру үшін келген азаматтармен және орталық мамандарымен сөйлесіп, қандай мәселелер бар екенін сұрастырдым. Көлікті заңдастыру процесінде көлік басқа елде де тіркеуде тұрмауы шарт. Көптеген азаматтар осы проблемаға тап болады екен", - деп жазды Бағдат Мусин.
Министрдің айтуынша, заңдастыру барысында ең алдымен көлік деректерін тексеруге eGov порталы арқылы өтініш беру керек.
Компьютерге қол жетімділігі жоқ автокөлік иелері елдің кез келген ХҚКО-да өзіне-өзі қызмет көрсету секторында өтініш бере алады. Автокөліктің тіркеу деректері қатесіз толтырылуға тиіс.
Мақұлданған жағдайда автокөлікті тексеру үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына онлайн кезекке тұру қажет.