АСТАНА, 29 қаңтар - Sputnik. Петропавлда су құбырындағы апаттан кейін тұрғындар екінші күн сусыз отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 28 қаңтарда таңғы сағат 7-де 314-ші атқыштар дивизиясы көшесіндегі су құбырына диаметрі 800 миллиметр болатын зақым келген. Қалалық ТКШ бөлімінде су 29 қаңтарда түнгі сағат 3-те беріледі деп уәде берді.
Алайда, зақымдануды жою үшін көп уақыт қажет болған, өйткені егжей-тегжейлі тексеру кезінде қосымша тағы жұмыстар жүргізу қажет екендігі анықталды.
"Жөндеуге 35 адам және 17 техника жұмылдырылды. Су беру жақын арада қайта басталады", - деп сендірді ТКШ бөлімінің баспасөз қызметі.
"Қызылжар су" ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, Пугачев көшесіндегі су жинайтын колонкалар мен жеке үйлер ажыратылып, қысым төмендеді, яғни су Береке шағын ауданындағы және вокзал маңындағы бірқатар абоненттерге ғана жетеді.