Өңірлер

Петропавлда су құбырында тағы да ірі апат болды

Бұл соңғы үш айда су құбырында болған төртінші апат
Sputnik
АЛМАТЫ, 28 қаңтар – Sputnik. Петропавлда су құбырында тағы да ірі апат болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қала әкімі Руслан Анбаевтың айтуынша, апат оңтүстік-шығыс су құбырында болған.
"28 қаңтарда сағат 7-де 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінің бойында диаметрі 800 мм су құбыры зақымдалды. Салдарынан қалалық желідегі қысым төмендеді. Қазіргі уақытта бұл учаскеде су қысымы қалпына келтіріліп жатыр", - деді қала басшысы.
Алайда жұмыс толық аяқталғанға дейін Жұмысшы ауылында, Береке шағын ауданында, Вокзал маңы ауданында су болмайды.
Әкімдік мән-жайды баяндап, ақпарат беріп отыратынын айтты. Қала әкімі Руслан Анбаев жағдайды жеке бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Айта кетері, бұл осымен қалалық су құбырында болған төртінші ірі апат.
Алғашқы ірі апат 6 қарашада тіркелді. Салдарынан 14 көпқабатты үй немесе 825 абонент, сондай-ақ бес әлеуметтік нысан сусыз қалды.
1 желтоқсан күні кешке Жұмабаев пен Сәбит Мұқанов көшелерінің қиылысында сол магистральдық су құбырында тағы апат болды. Құбырдың түйіскен жері жарылған. Қысымның төмендеуіне байланысты бүкіл қала сусыз қалды, бірнеше сағат ішінде сумен жабдықтау қалпына келтірілді, бірақ 15 үй, облыстық балалар ауруханасы, үйсіздерді бейімдеу орталығы, Петропавл нан комбинаты және "Севказэнерго" АҚ-ға су берілмеді. Сонымен қатар тоғыз көпқабатты үй мен нан-тоқаш комбинатында бір тәуліктен артық су болған жоқ.
12 желтоқсанға қараған түні қалада су үшінші рет тоқтады. 314-ші атқыштар дивизиясы көшесіндегі диаметрі 800 мм су құбырына зақым келген. Дәл осындай жағдай бұған дейін Жұмабаев көшесіндегі су құбырында болған. Апат салдарынан теміржолды, "Радуга" ЖШС аумағындағы қоймаларды және алты жартылай пәтерлі үйді су басты.
Өңірлер
Петропавлда тағы құбыр жарылды – бірнеше нысанды су басты
Айта кетері, апаттар бірнеше жыл бұрын қайта жөндеуден өткен желілерде болып жатыр. Бірінші және үшінші апат бір ғана мердігер жұмыс істеген жерлерде болды. Бірақ бұл компания - "КЭК Рүстем" ЖШС қазіргі күні жұмыс істемейді. Сондықтан шағым түсіретін ешкім жоқ. Қалпына келтіру бойынша барлық шығын толығымен "Қызылжар суға" жүктелген.
Тек 1 желтоқсанда болған екінші апатты жою шығындарын мердігер өтеуі керек. 2019 жылы Жұмабаев көшесінде ұзындығы 300 метрлік су құбырын қайта жаңартуды астаналық "РемстройсервисПВ" ЖШС компаниясы жүргізді. Нысан 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Кепілдік екі жылға берілді, бүгінгі күні ол әлі де жарамды.