СТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Бейсенбіден бастап шетелдік көліктер кез келген орталықтан техникалық байқаудан өте алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпарат жүйесінің операторы шетелдік автокөлікті техникалық тексеруден өткізуге мүмкіндік жасап отыр.
"27 қаңтардан бастап шетелдік нөмірлі автокөлік иелері немесе жүргізушілері 1815 техникалық тексеру орталығының кез келгенінен міндетті техникалық байқаудан өте алады", - делінген ресми хабарламада.
Техникалық байқау орталықтардың мекенжайлары мен жұмыс уақытын ведомствоның miid@miid.gov.kz сайтында (құжаттар бөлімінде) жарияланған тізімнен табуға болады.
Айта кетері, былтыр 30 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойылған болатын.
Соның аясында "Жол қозғалысы туралы" заңның 88-бабы, 1-бөлігіне басқа мемлекеттерде тіркелген автокөлік Қазақстан аумағына әкелінген немесе кірген сәттен бастап, 90 күнтізбелік күн асқан бойда міндетті техникалық байқаудан өткізілуіне байланысты толықтырулар енгізілді.