"Respublika" партиясы мәслихат депутаттарын сайлауға қатысады

Sputnik
АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. "Respublika" партиясы республиканың 19 өңірінде партиялық тізім бойынша сайланатын мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін 21 қаңтарда "Respublika" партиясы партиялық тізім бойынша мәслихат депутаттарының сайлауына қатыса алмайтыны хабарланған еді. Саяси додаға түсу үшін партия 8 ақпанға дейін өңірлік филиалдарын ашуға тиіс болатын.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында "Respublika" партиясы 19 өңірде өз филиалын ашып үлгергені белгілі болды.
Осыған байланысты ОСК "Respublika" партиясын Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Астана қалаларының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысуға рұқсат беру туралы қаулы қабылдады.
Бұдан бөлек, "Байтақ" жасылдар партиясы да 15 өңірдегі партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихат сайлауына жіберілді.
Бұған дейін аталған партия тек үш облыс – Атырау, Қызылорда және Қарағанды облыстарында ғана мәслихат сайлауына қатысуға құқылы болған. Енді олар Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Астана қалаларында да барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысады.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсыну кезеңі 8 ақпанда аяқталатынын еске салды.
"Осыған байланысты "Байтақ" және "Respublika" партияларының назарын мынаған аударғым келеді. Егер партиялар 8 ақпанға дейін басқа өңірлерде өз филиалдары мен өкілдіктерін ашып, оларды тіркеген жағдайда, партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихат депутаттарының тиісті өңірдегі сайлауына қатысу мүмкіндігіне ие бола алады", - деді ОСК басшысы.
Еске салсақ, мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді.
Осылайша партиялық тізімдер бойынша мәжіліс және мәслихат сайлауына мына партиялар қатысады:
"Ақ жол" партиясы;
"Amanat" партиясы;
"Ауыл" партиясы;
"Байтақ" жасылдар партиясы;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы;
Қазақстан халық партиясы;
"Respublica" партиясы.