АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Алматыдағы Саин көшесінде "Honda" маркалы көлік бағанаға соғылды. Салонда болған үш адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде жол апатының видеосы тарады. Бағанаға соғылған көлік шашылып кеткен.
Қалалық полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, 26 қаңтарда түнгі сағат 23:30-де "Honda" көлігінің 19 жастағы жүргізушісі Саин көшесінде рөлге ие бола алмай, шам бағанасына соғылған. Көлік жүргізушісі және оның екі жолаушысы қаза болды. Жолаушылар да 19-20 жаста болған.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.