20% жеңілдік жасалады: министр Оралов туристік кешбэк енгізуді ұсынды

Sputnik
АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов туризм мәселесіне арналған кеңейтілген алқа отырысында қазақстандықтар үшін туристік кешбэк енгізуді ұсынды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Министр енгізуді жоспарлап отырған бағдарлама азаматтарға тур құнының 20%-на дейін қайтаруға мүмкіндік береді. Ол үшін жолдаманы ресми туристік агенттіктерден сұраныс төмендейтін маусым кезінде сатып алу қажет. Мысалы, жаңа бағыттарға (Абай, Ұлытау облыстары) шығындар сомасының 20% қайтарылатын болса, Алматы, Бурабай сияқты танымал бағыттарға кешбэк 10% көлемінде болады.
"Біз аталған бағдарламаның барлық тетігін толық және сапалы пысықтау үшін жұмысты қолға аламыз. Кешбэк ішкі туризмді тартымды етудің жаңа құралы болады. Сұранысты арттыра отырып, отандық туристік агенттіктерге де қолдау көрсетеміз", - деп атап өтті Асхат Оралов.
Ол министрлікке туристік кешбэк енгізу мәселесін қарауды жеделдетуді тапсырды.