Өңірлер

Түркістан облысында оқушы қымыз құятын робот ойлап тапты

Sputnik
АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысы Төле би ауданында 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек қымыз құятын робот жасап шығарды.
Ұлттық сусынды ұсынатын робот "Асылбек" деп аталады, деп хабарлайды Оtyrar.kz.
Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінде оқитын Жансұлтанға роботты жасап шығуға информатика пәнінің мұғалімі көмектескен.
Кез келген адам роботқа арнайы пластикалық картаны жақындату арқылы "Асылбекті" сөйлете алады. Содан кейін робот қымыздың шипалы қасиеті туралы қысқаша мағлұмат береді. Осыдан соң ғана ол ыдысқа шөлді басатын пайдалы сусын құяды.
"Роботтардың түрлеріне, жұмыс істеу принциптеріне қызығушылығым бұрыннан бар болатын. Мұндай робот құрастыру идеясы мектебімізде өткен информатика пәні апталығында ұйымдастырылған роботтар көрмесі кезінде туды. "Асылбек" роботын жасау туралы ойыммен алдымен мұғалімім Лаура апаймен бөлістім. Ол идеямды қолдап, құрастыруда көмектесетінін айтты", - дейді Жансұлтан.
Оның пікірінше, робот оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, емдік қасиетке ие қымыз арқылы жастардың арасында салауатты өмір салтын дәріптейді.
"Ұлттық сусынымызды насихаттайтын болғандықтан, "Асылбектің" ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шештік", – деп атап өтті 9-сынып оқушысы.
Айта кетері, Жансұлтанның қымыз құятын робот жобасы ғылыми жобалар байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі болды.