Қоғам

Емші сәбиге хиджама жасады: министр желіде тараған видеоға қатысты түсініктеме берді

Sputnik
АСТАНА, 26 қаңтар — Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният балаға хиджама жасаған емшінің әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенат отырысынан кейін журналистер министрден әлеуметтік желіле тараған видео туралы сұрады. Онда емші балаға хиджама жасап, маңдайынан қан ағызған.
Ғинияттың айтуынша, қазіргі кезде осы оқиға бойынша тексеріс басталды.
"Негізі, дәстүрлі емес медицинамен айналысатын адамдар лицензия алып, жұмыс істеуі керек. Бірақ хиджама бізде лицензия берілетін қызмет түріне жатпайды. Қазіргі кезде комитет осы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, сосын тексеріс жүргізіледі", - деді Ғиният.
Министр хиджама жасаған адамдар заң бойынша жауап беретінін де жеткізді.
Айта кетері, әлеуметтік желіде жаңа туған нәрестенің маңдайын тіліп, қан шығарып жатқан видео тарады. Онда емшінің хиджама жасап жатқанын көруге болады. Сәбидің бет-аузынан қан алып жатқан емшінің әрекеті желі қолданушыларының ашуын тудырды.