АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға қандай саясаткерлер қажет екенін айтты.
"Кез-келген саяси мүддеге қарағанда мемлекетшілдік қасиет әлдеқайда биік тұруға тиіс. Қоғамға, ең алдымен, әрбір сөзіне және ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Сонда азаматтардың елдік саясатқа деген сенімі артады. Ал, сенім – бұл аса маңызды құндылық", - деді Тоқаев парламент сенатының отырысында сөйлеген сөзінде.
Президент елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет екенін атап өтті. Осы орайда ол Бауыржан Момышұлының "Тәртіпке бағынған құл болмайды" деген сөзін келтірді. Заңды сыйлайтын елдің қашанда ұпайы түгел, деп санайды мемлекет басшысы.
Тоқаев татулық пен тұрақтылық ең асыл құндылық екенін тағы бір мәрте атап өтті.
"Тыныштық болмаса, басқа табыстың бәрі бір сәтте құрдымға кететінін көрдік. Біз ел бірлігінің арқасында барлық қиындықты жеңіп келеміз. Сондықтан, барды бағалап, ырысты ынтымағымызды қорғау – бәрімізге ортақ қасиетті борыш", - дейді ол.
Президент қазақстандықтарды бір-біріне қамқор, жанашыр болып, жақсылыққа ұмтылуға шақырды.
Оның айтуынша, қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – еліміздің әрбір азаматының перзенттік парызы. Біз не істесек те, ел мүддесі үшін жасаймыз.
"Мақсатымыз – Қазақстанды тұғыры берік, экономикасы қуатты, рухы асқақ, бірлігі бекем мемлекет ретінде ұрпаққа табыстау. Осы тарихи міндетті бәріміз бірге абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін", - деді мемлекет басшысы.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев сенат төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынғаны хабарланған болатын.