Өңірлер

"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша 450 млн теңге ұрланды

Sputnik
АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында мүлде салынбаған жол пайдалануға берілген. Салдарынан мемлекетке 450 млн теңге шығын келді.
Қаржы мониторингі агенттігі облыстық департаментінің қызметкерлері "Ауыл – ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы бойынша аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады.
Бағдарлама аясында Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда жол салуға бюджеттен ақша бөлінген.
"Жол төсемі болмаса да, оны пайдалануға беру туралы құжаттарға қол қойылған. Алайда жоспарланған 53,5 шақырым жолдың 27 шақырымы жоқ. Келтірілген шығын көлемі шамамен 450 миллион теңгені құрады", - деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметі.
Жымқыру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу нәтижесінде ұрлыққа қатысы бар тұлғалар анықталды. Іс сотқа жіберілді.
Агенттіктің мәліметінше, облыс орталығынан шалғай орналасқан жергілікті тұрғындар үшін бұл жолдың әлеуметтік маңызы бар.
Заңбұзушылықты анықтаудың арқасында қазіргі уақытта тас жолдың құрылысы қалпына келтірілді. Оның кейбір учаскелері жұмыс істеп тұр.