АСТАНА, 25 қаңтар – Sputnik. Мектеп-интернаттың жаттықтырушы-оқытушыларына категория үшін біліктілігіне қарай 6 мыңнан 22 мың теңгеге дейін жаңа үстемақы төленеді.
Министрдің айтуынша, спорт мектептерінің мұғалімдері мен жаттықтырушыларының аптадағы оқу жүктемесін 24-тен 18 сағатқа дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл жаңашылдықтар 2023 жылдан бастап күшіне енеді.
"Мемлекет басшысы балалар спортын дамытуға және педагог мамандығының мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Біз алдағы уақытта жаттықтырушы-оқытушыларға топқа жетекшілік жасағаны және спортшыны жоғары спорттық ұйымдарға бергені, сонымен қатар спорттық атақтар үшін үстемақының жаңа түрлерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бойынша жұмыстар да назардан тыс қалмайды. Біз осы бағыттағы міндеттерді тиісті деңгейде орындауды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз", - деп сендірді Оралов.
Ол дене шынықтыру және спорт саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық база талаптарға толық сәйкес келмейтінін және саланың нақты қажеттіліктерін ескермейтінін айтты. Сондықтан министрлік заңға түзетулер енгізу қажет деп шешкен.