Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Ресей әскері Артемовск маңында украин әскерін қоршау бойынша іс-қимылды үдетті

Sputnik
Ресей армиясының жаңа жылдағы алғашқы тактикалық жеңісі, Донецх Халық Республикасындағы Соледарды азат ету Украина Қарулы күштерінің Донбастағы ең қуатты қорғаныс шептерінің бірі – Артемовск айналасында қоршауды бұрынғыдан да тығыздауға көмектесті, деп жазды РИА Новости.
Ресей әскері Артемовскті Северскпен байланыстыратын тас жолды бұғаттады. Енді ол жақтан Украина Қарулы күштеріне қосымша күштер жеткізілмейді.
Соледарды алғаннан кейін Артемовск солтүстік-батыстан қоршалды. Осы плацдармнан шабуылдаушылар Раздоловка бағытында солтүстікке, Благодатныйдан батысқа және Красная Горадан оңтүстік-батысқа қарай қозғалып жатыр. Осылайша Украинаның қорғанысы ыдырай бастады.
"Оңтүстіктегі майданда да жетістіктер бар. Күні кеше олар Клещеевканы бақылауға алып, стратегиялық маңызы бар Артемовсктен тылдағы Константиновкаға баратын тас жолға бес-алты шақырым жақындап қалды. Бұл жолды енді украин жауынгерлерін, техника мен оқ-дәрілерді тасымалдау үшін пайдалану қиындады", - деп жазылған материалда.
Мақала авторының мәліметінше, бірақ қазір Артемовсктен Славянскіге дейін жол ашық. Оны бұғаттау үшін Украинаның Қарулы күштерін Красная Гора мен Парасковиевкадан шығару керек. Содан кейін Украина Қарулы күштерінің бірнеше мыңдық тобы қоршауға түседі.
"Олар өз позицияларын тастағысы келмей, қуатты қарсылық көрсетіп жатыр, - дейді Клим лақап аты бар 1-ші армия корпусының офицері. Мұнда тек аймақтық қорғаныс өкілдері ғана емес, кадрлық әскерилер де бар. Польшадан келген жалдамалы жауынгерлер де жетерлік. Олардың техникасы мен оқ-дәрілері жеткілікті. Бірақ бізде артиллериялық зеңбірек бойынша артықшылық бар".
Артемовсктің өзінде де шайқас жүріп жатыр. Шабуылдаушы бөлімшелер қаланың шығыс және оңтүстік бөлігінде позицияларын бекітті. "Ахмат" арнайы жасағының қолбасшысы Апти Алаудинов журналистерге хабарлағандай, жақын арада Украина Қарулы күштерін жедел қоршауға алынғаны туралы айту мүмкін болады.
Оның айтуынша, ресейліктер ғимараттар аумағында өте мұқият алға жылжып жатыр. Себебі, мұнда бейбіт тұрғындар көп. Қала азат етілгеннен кейін ДХР билігі осы жерден гуманитарлық көмек көрсету бойынша үлкен орталық ашады.
Дегенмен, украин әскері ұзақ қорғанысқа дайындалған. Шайқасқа бірінен кейін бірі жаңа бөлімшелер түсіп жатыр. Батыстағы БАҚ бағалауынша, мұндағы Украина Қарулы күштерінің күнделікті шығыны үш еселеніп жатыр.
Артемовскте соғысқа дейін 70 мыңға жуық адам тұратын. Егер украиндер бұл қаладан айырылып қалса, онда бір тұтам жерді де бермеуге жария түрде уәде еткен Киев басшылығының беделіне үлкен нұқсан келеді, дейді бақылаушылар. Сонымен қатар, НАТО-ның алдағы жеткізілімдеріне майдандағы жағдай әсер етеді. Егер Украина Қарулы күштері нақты жетістіктерді көрсетсе, онда Батыс әлдеқайда қуатты қарумен бөлісуге дайын.
Сондай-ақ Артемовск маңызды көлік торабы болып табылады. Соңғы уақытқа дейін Донбастағы Украина Қарулы күштеріне дәл осы жерден қажетті жабдықтар жеткізілді. Мұнда жолдар Славянск, Северск, Лисичанск, Попасная, Светлогорск, Горловка және Константиновкаға қарай бөлінеді. Яғни ресейлік әскердің алдағы шабуылына арналған плацдарм белгілі.
Жақында AFP агенттігі америкалық жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап, Пентагон Киевке Северск – Артемовск шебін тастап, батыстағы қорғанысқа көшуді қатаң түрде ұсынғанын хабарлады. Америкалық кеңесшілер басымдық Ресейде болғандықтан, Украина Қарулы күштеріне бұл бағытқа әскер мен техниканы орналастырмауды ескертті. Оның үстіне, оңтүстікте көктемгі шабуылдар үшін күш жинақтаған дұрыс деп есептейді. Бірақ, Киевтегілер басқа шешім қабылдаған секілді.
Біруақытта ресейлік әскер Запорожье облысында белсенділікті арттырды. Өңірлік әкімшіліктің бас кеңесінің мүшесі Владимир Рогов БАҚ өкілдеріне украин әскери бөлімшелерінің майдан шебінде он шақты елді мекенді тастап кеткенін хабарлады.
"Біздің армия шабуылды жалғастырып жатыр, - деді Рогов. - Украина әскерінің қорғаныстың екінші және үшінші желісіндегі позициялары анықталды, біріншісі бұзылды. Ресейлік әскери бөлімшелердің тактикалық жетістігінің, сондай-ақ, артиллерия мен авиацияның нақты әрекетінің арқасында майдан шебі бірте-бірте облыстың солтүстігіне қарай жылжып жатыр".