"Оларды Құдай кешірсін": екі экс-депутат партиядан кететінін мәлімдеді

Sputnik
АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Мәжілістің экс-депутаттары Ерлан Смайылов пен Ғазиз Құлахметов Қазақстан халық партиясы қатарынан шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ғазиз Құлахметов әлеуметтік желідеге парақшасында досымен бірге келіп, бірге кетуді жөн көргенін жазды.
"Ресми түрде Қазақстан Халық партиясынан шығу туралы арыз жаздым. Досым, әріптесім Ерлан Смайылов екеуміз бірге келіп, бірге кетуді қош көрдік! Екі жыл бойы сенім білдірген әрбір қолдаушыма риясыз алғысымды білдіремін! ", - дейді Құлахметов.
Ол екеуі де партияның қазіргі басшылығымен келіспей қалғанын да меңзеді.
"Сырттарынан ғайбат сөйлеп, әдепсіз атанғым келмейді. Бір ойшыл : "Мен қателессем, Алла мені, өзгелер қателессе, Құдай оларды кешірсін", - деген екен. Өзімнің жоспарым бар. Мезгілі келгенде міндетті түрде бөлісемін! Алладан амандықтарыңызды тіледім!", - деді экс-депутат.
Ал оның досы әрі әріптесті Ерлан Смайылов партияның жаңа басшылығымен жұмыс істей алмайтынын ашық жазды.
"Мен ҚХП-ға келгенде, сайлауға қатысқанда әділдік, кәсіпқойлық пен әлеуметтік мемлекет идеологиясын қолдайтын пікірлес адамдардың командасы болған. Өкінішке қарай, қазіргі басшылық құрамға қатысты ондай сөз айта алмаймын", - деді Смайылов.