2015 жылдың маусым мен 2016 жылдың қарашасы аралығында қалалық құрылыс басқармасы тапсырыс беріп, мердігер "Global Trade Center" ЖШС 200 адамға арналған емхана құрылысын бастаған.
2017 жылы жаңа нысан пайдалануға берілді. Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен салынған ғимарат денсаулық сақтау басқармасына берілді. Ал 2018 жылы емхана ғимараты 7-ші қалалық клиникалық аурухана балансына өтті. Аурухана балансына өткен күннен бастап, дәрігерлер қирап бара жатқан ғимаратты жамап-жасқаумен келеді. Бүгінге дейін жөндеу жұмыстарына 1 миллион теңге қаражат кеткен.
"4,5 жылда қирап жатқан жаңа ғимараттың сапасын қадағалаған адам жауап беруі керек. Жап-жаңа емханаға неге қайта-қайта ақша бөлуіміз керек? Біздің қалада тозығы жеткен әлеуметтік нысандар көп: балабақша, мектеп, ауруханалар бар. Қаражатты неге соларға бөлмеске", - дейді "Amanat" партиясының Алматы қалалық филиалы қоғамдық кеңесінің төрағасы Ерболат Қасымов.