АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, қазір коронавирустың таралуы бойынша барлық өңір "жасыл" аймақта тұр. Желтоқсан айында күн сайын вирус жұқтырғандар саны 200-ге дейін жетсе, қаңтарда тәулігіне 120 жағдайға дейін төмендеген.
"Соңғы секвенирлеу нәтижесі бойынша республика аумағында коронавирустың"омикрон" штамы және оның түрлері таралған. Қараша айында елімізде "цербер" штамы анықталды. Сондай-ақ әлемде омикронның жаңа түрі – "кракен" пайда болды. Бүгінде ол 87 елде табылып отыр. Соңғы секвенирлеу қорытындысы бойынша Қазақстанда "кракен" анықталған жоқ", - деді Есмағамбетова орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Вице-министрдің айтуынша, қазір екі мыңға жуық пациент коронавирустан емделуде. Соның тек 139-ы ғана стационарда, қалғаны амбулаторлық жағдайда ем қабылдап жатыр.
Сондай-ақ Есмағамбетова 7 өңірде – Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау облыстарында R көрсеткіші бірден жоғары екенін атап өтті.
Осыған байланысты бас санитар дәрігер осы өңірлерде адам көп жиналатын орындарда бетперде тағуды ұсынды.