АЛМАТЫ, 22 қаңтар - Sputnik. Жол ережесін сақтағысы келмейтін талдықорғандық жүргізушілер үшін жағымсыз жаңалық хабарланды. Көп ұзамай қалада "Сергек" интеллектуалдық жүйесінің ондаған камерасы пайда болады.
"Сергек" жол ережесін бұзу фактілерін тіркейді, кейін көлік жүргізушілеріне айыппұл салынады.
Бастапқыда облыс орталығының ең көп жүретін көше қиылыстары мен тасжолдарына 30 камера орнату жоспарланып отыр. Қала әкімі Әсет Масабаевтың айтуынша, бұл бірінші кезекте жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Мұндай шара жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін де азайтады.
"Полиция департаменті рұқсат берді. Барлық 30 "Сергек" камерасы қаланың басты көшелеріне орнатылады. Барлық ақпарат дереу жазылады. Бәрі прокуратураның бақылауында", - деп түсіндірді Талдықорған қаласының әкімі.
2022 жылы бұл аппараттық-бағдарламалық жүйе қалаға кіреберістегі бес көшеге орнатылып үлгерді, деп жазады Хабар 24.
Дегенмен, олар сынақ режимінде жұмыс істеді. Сондықтан кінәлілер жазасыз қалды. Енді жаңа камералар орнатылса, олардың барлығы заңбұзушылықты тіркеп, жауапкершілікке тарта бастайды.