АСТАНА, 22 қаңтар – Sputnik. Қарағанды қаласында екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны жарылды. Бірнеше пәтердің төбесі мен арқалығы опырылып түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
21 қаңтар күні кешкі сағат 18:51-де Щорс көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйде бес литрлік газ баллоны жарылды. Соның салдарынан бірнеше пәтерге зақым келді. Ағаш төбелер мен арқалықтар ішінара опырылып қалды.
Ресми мәліметке сәйкес, газ жанған жоқ. Бірақ куәгерлердің сөзіне қарағанда, құтқарушылар келгенше оттың жалыны көрінді.
Төтенше жағдай кезінде 1970 жылы туған ер адам мен 1971 жылы туған әйел адам зардап шекті. Екеуі де күйіп қалды.
Қазіргі кезде Қарағанды қаласының облыстық медициналық орталығына емделіп жатыр. Оқиға орнына 8 техника мінген 36 өрт сөндіруші барды. Құтқарушылар құлау қаупі бар құрылыс бөлшектерін демонтаждау бойынша жұмыс жүргізді. Түнде осы кіреберіс тұрғындарын жатақханаға орналастыруға шешім қабылданды.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.