Өңірлер

Павлодар облысында пештің мұржасы бітеліп қалды - үйдегілер иіс тиіп уланды

Sputnik
АСТАНА, 22 қаңтар – Sputnik. Павлодар облысында пештің мұржасы бітелген үйдің адамдары иіс тиіп уланды, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Бұл оқиға 21 қаңтар күні Ақтоғай ауданындағы Басқамыс ауылында болған. 1976 жылы туған әйел және оның екі баласы улы газбен уланып, ауруханаға түсті. Қазіргі кезде зардап шеккендердің жағдайы орташа.

"Оқиға орнында жұмыс жүргізу барысында ұзақ уақыт бойы тазаланбаған пештің мұржасы улы газбен улануға себеп болғаны анықталды. Соның салдарынан үй ішіне улы газ тараған", - дейді құтқарушылар.

Былтыр 7 қазанда профилактикалық шаралар кезінде мамандар дәл осы үйге кіріп, жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірген болатын. Бірақ үйдің иесі оған мән бермеген.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, пештің мұржасын 3 айда, кемінде, бір рет тазалап отыру қажет.