АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. Шорт-тректен Қазақстан құрамасы АҚШ-та өтіп жатқан Қысқы Универсиадада күміс медальге ие болды, деп хабарлады Sports.kz порталы.
Қазақстандық спортшылар аралас эстафетада француздарға ғана жол беріп қойды. Уақыт нәтижесі - 2:47.757. Команда құрамында Яна Хан, Малика Ермек, Алина Әжіғалиева, Әлішер Абылкатимов, Әділ Ғалиахметов пен Еркебұлан Шамұханов болды. Үшінші орынды Жапония (2:48.561) құрамасы алды.
Айта кетері, осымен Қазақстан қоржынына жетінші медаль түсіп отыр. Бұған дейін биатлоншылар Вадим Курлес пен Бекентай Тұрлыбеков, шаңғышы Данил Васильев алтыннан алқа тақты. Трамплиннен секіруден командалық жарыста Васильев пен Сергей Ткаченко күміс еншіледі. Ал биатлоншы Александр Мухин мен шаңғы жарысынан әйелдер құрамасы қоланы қанағат тұтты.