Саясат

"Ауыл" партиясы сайлауға қатысты мәлімдеме жасады

Sputnik
АСТАНА, 21 қаңтар – Sputnik. "Ауыл" халық-демократиялық партиясы алдағы сайлауға қатысты мәлімдеме таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Партия төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша, бүгінде партия қатарында тек ауыл шаруашылығы қызметкерлері ғана емес, жалпы ауылға жанашыр азаматтар да кіреді. Олардың ішінде білім және медицина, әлеуметтік сала қызметкерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бар. Өйткені қазақстандықтардың жартысына жуығы ауылда тұрады.
"Ауылды, ауылды аумақтарды дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету біздің мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болып есептеледі. Бұл - біздің партияның бастапқы және өзгермейтін саяси бағыты. Сондықтан "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға сайлау өткізуді құптайды", - дейді Бектаев.
"Ауыл" партиясы бәсекелестіктің күшейіп келе жатқанын байқап отыр. Одан еш қорықпайды.
"Біз Қазақстанда партиялық өрістің кеңейгені мен саяси күштер арасындағы бәсекелестіктің дамып келе жатқандығын көріп отырмыз. Бұл бізді қорқытпайды, керісінше, ынталандырады. Себебі біздің өзіміздің саяси платформамыз бар. "Ауыл" партиясының ауыл және ауылды аумақтарды дамыту концепциясына қосатын өзінің ұсыныстары бар. Сондықтан біз жаңа сайлау циклінде адал және ашық күреске дайынбыз", - деп атап көрсетті партия басшысы өз мәлімдемесінде.
Айта кетері, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған парламент мәжілісін таратты. 19 наурызда мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Сол күні мәслихат депутаттары да сайланады.