Такси жүргізушілердің атынан кредит алған жас жігіт ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 20 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері алаяқтық жасады деген күдікпен Шымкент тұрғынын ұстады, деп хабарлады Otyrar.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына жәбірленушілердің бірі арызданды. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреу оның атынан микрокредиттік ұйымнан кредит алған. Шығын көлемі –160 мың теңге.
Осыған ұқсас арызбен полицияға тағы 4 тұрғын шағымданды. Жедел уәкілдер жүргізген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бұрын сотталған, жұмыссыз жүрген жас жігіт, яғни Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды.
Күдікті интернет-алаяқтықты табыс көзіне айналдырып, мобильді қосымшадан такси жүргізушілерін іздеп тапқаны анықталды. Оларға телефон арқылы "өзін компания қызметкерімін" деп таныстырып, содан көлік салонын жалдайтын болып келіскен. Ал төлемақыны компания есепшісі аударады деген сылтаумен жүргізушілердің жеке бас мәліметін сұрап алған.
Сол сәтте бірден олардың атынан микрокредит рәсімдеген. Одан әрі жүргізушілердің есепшотына түскен ақшаны "Сізге есепші шатасып көбірек ақша салып жіберіпті, жолақыңызды ғана алып, қалғанын салып жіберсеңіз" деп, сол мезетте көшеден кетіп бара жатқан кез келген бейтаныс азаматтардың шоттарына ақша аудартқан. Одан әрі ақшаны қолма-қол иемденіп отырған.
Осылайша күдікті жас жігіт алаяқтық қылмысы арқылы жүргізушілерді алдап, 750 000 теңге шығын келтірген. Күдіктіні тінту кезінде, оның ұялы телефонынан Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстарының 6 азаматының жеке басын растайтын құжатының фотолары алынды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер алаяқтың құрбандары көбеюі мүмкін екенін атап өтті.