АЛМАТЫ, 20 қаңтар – Sputnik. Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары ұсталды, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Ол экологиялық бекеттерде автокөлік құралдарына экологиялық мониторинг жүргізу бойынша бұрын жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалғаны туралы актілерге қол қойғаны үшін бизнес өкілдерінен жүйелі түрде пара алып келген.
"Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары 12 млн теңге пара алғаны белгілі болды", - деп хабарлады агенттік.
Сондай-ақ әкімдіктің ведомстволық ұйымы – "Медеу" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі" басшылығы да жемқорлық жасаған. Парк басшысы санитарлық бұтау және ағаш кесу жөніндегі шарттар аясында орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны үшін кәсіпкерден 1,5 миллион теңге сомасында пара алғаны дәлелденді.