Шымкент тұрғыны басқа қаладағы сауда орталығын 7,5 миллион теңгеге алдаған

Sputnik
АСТАНА, 19 қаңтар – Sputnik. Қызылорданың полицейлері жергілікті кәсіпкерді 7,5 миллион теңгеге алдап кеткен адамды ұстау үшін Шымкентке тауар жеткізуші болып барған. Сол жерде алаяқ әйелді өз үйінен ұстады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
14 қаңтарда қалалық полиция басқармасына Қызылордадағы ірі сауда үйінің иесі арызданды. Былтыр 22 қараша күні оған WhatsApp арқылы белгісіз әйел хабарласып, 514 мың теңгеге сырт киімге тапсырыс берген. Сосын бәрін таксимен жіберуді өтінеді. Төлемнің түбіртегін жіберген. Кәсіпкер ақшаның түспегенін бірден байқамаған. Содан ол әйел басқа абоненттік номірлер арқылы бірнеше тапсырыс, тағы жалған түбіртек жібереді.
InDrive арқылы Шымкентке біраз тауарды алдыртқан. Бірақ шын мәнінде ешқандай қаражат аударылмаған. Кәсіпкер оны артынан есепшотын тексергеннен кейін көрген.
Полицейлер жедел іздестіру шараларына кіріскенде тағы тапсырыс түскен. Тергеушілер тауарды жеткіземіз деп Шымкент қаласына өздері барды. 34 жастағы әйел өз үйінде ұсталды. Ол кінәсін толық мойындады.
"Күдікті Telegram арқылы жүктеп алған "Фейковые чеки" қосымшасын қолданып, жалған түбіртектер жіберіп отырған. Осылайша жәбірленушіге 7,5 млн теңге сомасында залал келтірген", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-бөлігінің 4-тармағы (Алаяқтық, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кетері, осы қылмыс үшін 4 000 айлық есептiк көрсеткiшке (13 800 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, я болмаса, 1 000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.