Шындалиев Франциямен жасалған шарт жайлы: Әблязовқа арналған деп айтуға болмайды

Sputnik
АСТАНА, 18 қаңтар – Sputnik. Бүгін мәжіліс ратификациялаған "Қазақстан мен Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт" қашқын банкир Мұхтар Әблязовті елге қайтаруға мүмкіндік бермейді. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер Шындалиевтен Франциямен жасалған шарт Мұхтар Әблязовті Қазақстанға экстрадициялауды көздей ме деп сұрады.
"Бұл заң жобасында экстрадиция мен сотталған адамдарды беру қарастырылмаған. Ол тек құқықтық көмек көрсетуді көздейді. Бұл жауап алу, тінту сияқты тергеу амалдары", - деді бас прокурордың орынбасары кулуарда.
Айтуынша, Қазақстан мен Франция арасындағы құқықтық көмек туралы шартты Мұхтар Әблязов үшін жасалған құжат деп айтуға келмейді.
"Әблязовқа арналған деп айтпас едім. Біз 29 елмен дәл осындай шарт бекіттік. Соның ішінде Еуропа елдері де бар. Сол себепті біз мұны әдейі бір адамға арнап жасап жатырмыз деп айтуға болмайды", - деді Шындалиев.
Айтуынша, бүгін мәжіліс қабылдаған заң Қазақстанда қылмыстық жолмен табылған капиталды Франциядан қайтаруға мүмкіндік береді.
"Егер біз кез келген адамның заңсыз тапқан мүлкін, ақшасын көрсек, Францияға сұрау саламыз. Оны Францияның тергеу және сот органдары орындайды. Францияның заңнамасына сәйкес өз шараларын қабылдайды", - деп түсіндірді ол.
Айта кетері, бүгін парламент мәжілісі "Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" заңды қабылдады.