АСТАНА, 18 қаңтар – Sputnik. Шымкент қаласында тендерге қатысқан кәсіпкер мыңдаған газтұтқышты көрші елден сатып алған. Бірақ мерзімінде жеткізбеген соң әкімдік оны қабылдамай қойған. Содан кәсіпкер әйел наразылық білдіріп, тауардың бәрін әкімдіктің алдына шашып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Жергілікті кәсіпкер Гүлсахар Гасанова бес мың газтұтқышқа 187 миллион теңге жұмсаған.
"Бұлар әбден өздерінің үйреніп қалған компанияларымен жұмыс істеп үйренген. 60 миллион мемлекетке қайтарып отырған ақшам ешкімді қызықтырып жатқан жоқ. Бұлардың тек айтатыны сотқа бар, сотқа бар", - дейді кәсіпкер.
Ал әкімідік тауар уақытында жеткізілмеді дейді. Осыған байланысты келісімшарт біржақты бұзылыпты. Әкімдік кәсіпкерді сотқа берді.
"Бұл кісілердің 2022 жылғы келісімшарты бойынша сот шешімі шықсын. Егер де осылардың тауарын алсын деп шешім шығарса, заңға сәйкес төлеп, тауарын аламыз", - дейді Шымкент әкімдігі аппаратының мамандандырылған базасының басшысы Ердәулет Құрманғазы.
Түрлі төтенше жағдайға дайын болуымыз керек деген Шымкент қаласының әкімдігі бірер күннен кейін тағы 4 мың противогазға конкурс жарияламақшы.