Ойыншық дөңгелегін жұтып қойған баланың анасы: көрген азабымызды айтып жеткізе алмаймын

Sputnik
АЛМАТЫ, 18 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда термиялық күйік алатын балалар саны артып барады. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми орталықтың дәрігерлері айтты.
Түркістан облысынан келген Динара Қожабергеннің 3 жасар баласы ас үйде тұрған сірке суын ішіп қойған. Жаз мезгілінде ойнап жүріп, шөлдеген бүлдіршін су деп ойлап қалған.
"Химиялық күйік алдық. Түркістанның ауруханасында ем алдық. Бірақ жаңа күйік болғандықтан, өңеші жыртылып кетеді деп ота жасалмады. 19 күн өткен соң дәрігерлер күйіктің орнын білу үшін бізді Шымкенттегі облыстық ауруханаға жіберді. Бала тамақ жей алмай қалды. Жағдайы тіпті нашарлап кетті", - дейді Динара Қожаберген.
Бала тамақ жей алмай қалған
Баланың жан дауысы шығып жылап, аузынан көбік шыққан. Өңешінің күйгені соншалық тіпті арнайы тексеретін түтік кеңірдегінен өтпеген.
Ал Қызылордадан келген Айгүл Бердиева мен баласының Сызғанов ұлттық орталығына келгеніне 3 күн болған.
"Балам машина аккумуляторының қышқылын ішіп қойды. Жаңа үйге көшіп жатқанбыз. Санаулы секундта бала қышқылды ішіп қойғанын байқамай қалдық. Әу баста еш нәрсе байқалмады. Үшінші аптаға кеткенде бала құса бастады. Қызылорда ауруханасында жаттық. Еш пайда болмады, сосын Шымкентке бардық. 3 жасар балам 10 келіге дейін арықтап кетті, салмағының жартысын жоғалтты", - дейді Айгүл Бердиева.
3 жасар бала 10 келіге дейін арықтап, салмағының жартысын жоғалтқан
Сызғанов орталығы туралы ақпаратты Айгүл әркімнен сұрап жүріп білгенін айтады. Ақпарат кеңінен таратылып, дер кезінде естісе, баланың жағдайы әлдеқайда жақсы болар ма еді, деп қынжылады ана. Қазіргі күні дәрігерлер бүлдіршіннің жағдайын қалпына келтірумен айналысып жатыр, әйтпесе бүлдіршін отаны көтере алмайды.
Ал Наркез Тұрлыбайдың баласының жағдайы мүлдем бөлік. Бүлдіршін ойыншық машина дөңгелегінің резинкасын жұтып қойып, резинка баланың өкпесіне кетіп қалған.
"2021 жылы лазерлік ота жасалды. Операция сәтті болмады. Резинканы алған кезде лазер баланың өңешін күйдіріп жіберген. Ол ауруханадан шыққан соң бала екі айдан кейін тамақ ішпей, қақала бастады. Балаға гастострома қойдырдық. Бір жылдан бері осы орталыққа келіп ем алып жүрміз. Қазір баланың жағдайы жақсы. Осы бір жылда көрген азабымызды ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес", - дейді Наркез Тұрлыбай.
"Осы бір жылда көрген азабымызды ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес", - дейді Наркез Тұрлыбай
А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми орталықта жылына 200-300-дей бала ем алады. Дәрігерлердің айтуынша, термиялық күйік алатын бала саны артып барады.
"Бірінші кезекте ата-аналардың жауапсыздығы. Өйткені баланы қараусыз қалдырады. Ұялы телефонда отырады. Бала химиялық заттарды санаулы секундтарда ішеді. Екінші мәселе – әлеуметтік мәселе. Ата-аналар жұмысбасты. Қайтсем ақша табамын деп жұмыстың қамымен жүріп, балаға қарауға, қадағалауға мұршасы жоқ", - дейді "А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми орталығының" бөлімше меңгерушісі Бақытжан Шертаев.
"Балалардың күйік алуының бірінші себебі - ата-ана жауапсыздығы"
Балаларды күйікке шалдықтыратын үшінші мәселе – саны көп, сапасы жоқ ыдыс жуатын химиялық заттар.
"Кезінде аналарымыз ыдысты ас содасымен жуатын. Қазір неше түрлі химиялық ыдыс жуатын заттар бар. Бір ғана қазан жуу үшін неше түрлі зат шығарылады. Жарнамалары да айқайлап тұр, ал қораптары мен құтылары қандай әдемі жасалады. Бала тұрмақ, үлкен адам қызығады. Бірақ, оның сапасын, құрамын ешқандай мекеме тексеріп жатқан жоқ. Тексерсе де, тек сөз жүзінде ғана. Мысалы, дамыған елдерде сондай химиялық қоспадан бір бала уланса, үлкен проблема болар еді. Ал бізде еш қадағалаусыз", – дейді Бақытжан Шертаев.
Ғылыми орталыққа айына кем дегенде 20 бала келіп түседі. Емделетіндер жоспарлы түрде жатқызылады. Өйткені, бұл ауруханада жедел көмек көрсетілмейді.
"Жедел ем көрсететін ауруханаларға қарағанда жүгіміз ауыр. Өйткені мұнда науқастар өз аяғымен келеді, жоспарлы түрді емделеді. Сол себепті біз адамды аяғынан тік тұрғызып, емдеп шығаруымыз керек. Кірпігі ғана қимылдап, өлім мен өмір арасында болып келген бүлдіршіндер тамақ ішіп, ойнап, шапқылап жүгіріп кетсе, бізге одан артық бақыт жоқ", - дейді бөлім меңгерушісі.
Ғылыми орталыққа айына кем дегенде 20 бала келіп түседі
Орталыққа түскен балалардың кемінде 20-30 процентіне күрделі ота жасалады, дейді дәрігер.
"Өкініштісі, күйігі тым терең балалар көбейіп барады. Асқазанын, тоқ ішектері мен ас қорыту мүшелерін ауыстыруға тура келеді. Күйіп қалған орган жарамайды, ал баланы құтқарып қалу керек. Сол себепті біз тоқ ішектен алып, жаңағы күйген органдарды ауыстырамыз. Мұндай отаны жасау технология дамыған қазіргі уақыттың өзінде қиындық тудырады. Әсіресе, өңештің күйюі өте қауіпті. Өйткені бұл органда жүйке жүйелері, тыныс алу сияқты ең күрделі органдармен тікелей байланысты. Термиялық улы заттар осы өңеш арқылы өтеді", - дейді Бақытжан Шертаев.
Орталыққа түскен балалардың кемінде 20-30 пайызына күрделі ота жасалады
Түймедей батарейкаларды жұтып қоятын балалар да аз емес. Бір күннен артық ағзада болған мұндай батарейкалар түскен жерін тесіп кетеді, дейді дәрігерлер.
Қазақстанда термиялық күйік алған балаларды кейде Алматыдағы ұлттық орталыққа жеткізу мүмкін болмайтын көрінеді. Өйткені баланың денсаулығы көтермейді. Облыстарға шұғыл бригада шыққанымен, кейде баланы ажалдан аман алып қалу мүмкін болмайды.
"Ыдыс жуатын химиялық заттарды баланың қолы жетпейтін жерлерге қою керек. Бірінші кезекте ата-ана уақытын ұялы телефондарға емес, отбасындағы қауіпсіздік, тәртіп, тәрбиеге арнаса дейміз. Салауатты өмір салтын ұстанса, өйткені тәртіп пен тәрбие, баланың амандығы бірінші кезекте отбасынан басталады", - дейді дәрігерлер.