Көктайғақтан адам қаза болды – "ҚазАвтоЖолға" қатысты қылмыстық іс қозғалды

Sputnik
АСТАНА, 18 қаңтар – Sputnik. Алматы облысында көктайғақта болған адам өлімінен кейін "ҚазАвтоЖол" компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Республикалық маңызы бар "Алматы-Шелек-Қорғас" жолының 165-ші шақырымында жол апаты салдарынан бір адам қаза тапты. Негізгі себеп – көктайғақ және "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының жол тазалау жұмыстарын уақтылы орындамауы. Ал "Автомобиль жолдары туралы" заңның 19-бабы бойынша автомобиль жолдарын басқарушы компания көлiк құралдарының үздiксiз және қауiпсiз қозғалысын қамтамасыз етуге жауапты.
Қазіргі кезде жолдарды пайдалануға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 353-бабы, 3-бөлігі (Абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған көлікте қолданылатын қағидаларды бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Істі тергеумен Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы айналысуда", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, 353-бапта белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.