Депутат соңғы қоңырауды басқа күнге ауыстыруды талап етті

Sputnik
АСТАНА, 18 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болғандықтан, мектептердегі соңғы қоңырау күнін басқа күнге ауыстыруды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісменнің сауалына оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы 363 бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау күнінің 31 мамыр болып бекітілуі себеп болған.
Аманжол Әлтай Қазақстанда 31 мамыр ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленгенін еске салды.
"Алаш арыстарының мұратын жалғастырып, аманатын ұрпақ санасына сіңіруге тиісті министрліктің 31 мамыр күнінің маңызына мән бермегені қандай өкінішті. Арыстарымыздың рухына бір күнді де қимай, апыл-ғұпыл аза тұтқансып, іле-шала той тойлап, думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?! Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға, не болмаса 1 маусымға ауыстыру керек. Бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап", - деді Әлтай премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында.
Сондай-ақ депутат 31 мамыр күні адамдарды әлеуметтік желілердегі елдің бірлігіне, мәдениетіне нұқсан келтіретін теріс әдеттерден тыйылуға шақырды.
"31 мамыр – азаттық үшін арпалысып өткен, мемлекет құру жолында мерт болған, ұлт үшін атылған, ұрпақ бақыты үшін азап шеккен асыл бабалар алдындағы парызымызды пайымдайтын, алаш аманатына адал болуға құлшынатын күн. Үкімет осы күннің мән-маңызына лайықты шараларды іске асыруға тиіс", -деді депутат.
Осыған байланысты Аманжол Әлтай үкіметке мынадай шаралар қабылдауды сұрады:
"Жалпы халықтық үнсіз еске алу минуты" шарасын дәстүрлі өткізуі керек. Сол сәтте ел аумағындағы бүкіл көлік қозғалысы тоқтатылып, бір минуттық үнсіздік арқылы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу қажет;
мектептердегі соңғы қоңырау күні 31 мамырдан басқа күнге ауыстырылсын;
телеарналарда әзіл-қалжың, шоу бағдарламалар, эстрадалық концерттер тоқтатылып, оның орнына ел тарихындағы қасіретті күндерді жас ұрпақтың түсінуіне жол ашатын мазмұнды бағдарламалар көрсетілуге тиіс;
ақпараттық құралдарда атаулы күннің тарихи салмағын, тағылымдық мағынасын жан-жақты жеткізетін мақалалар жариялансын. Сол күні мейрамханаларда той өткізуге тыйым салынсын;
31 мамыр күні әр ата-ана отбасындағы тәлімді әңгімесін, ұстаз сабағын, дін өкілдері уағызын, министрліктер мен әкімдіктер, мемлекттік мекемелер жұмыс күнінің басын ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алумен бастағаны дұрыс;
балабақшалар мен мектептерде, жоғарғы оқу орындарында балалар мен жастарға арнаулы дәрістер, пікірлесу сағаттарын, зиялы қауым өкілдерімен кездесу кештері өткізілсін.