Атырау облысында сапасыз көлік сатқан автосалонға айыппұл салынды

Sputnik
АЛМАТЫ, 18 қаңтар – Sputnik. Атырау облысында сот сапасыз көлік сатқан "Урал-Кров-Авто Плюс" автосалонына айыппұл салды, деп хабарлайды сауда және интеграция министрлігі.
Атырау тұрғыны аталған салоннан 11 022 300 теңгеге көлік сатып алады. Алайда көлігінің сапасы сыр берген соң басқа көлікке айырбастауды немесе ақшасын қайтаруды талап етеді.
Ал "Урал-Кров-Авто Плюс" ЖШС тұтынушының жазбаша наразылығына жауап берместен, автокөлікті басқа жаңа автокөлікке ауыстырудан немесе автокөлікке төленген қаражатты қайтарудан бас тартқан.
Амалы қалмаған тұтынушы Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арызданған.
Арызға сәйкес департамент "Урал-Кров-Авто Плюс" ЖШС-на қатысты жоспардан тыс тексеріс белгілеп, әкімшілік хаттамалар толтырып, ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданпды. Сонымен қатар "Урал-Кров-Авто Плюс" ЖШС-на тұтынушыға 11 022 300 тенге қаражатты қайтару туралы ұйғарым шығарады. Өкінішке қарай, автосалон бұл талапты та орындамайды. Ақыры департамент көлік сататындардың үстінен сотқа шағым түсірген.
"Сот шешімімен "Урал-Кров-Авто Плюс" ЖШС-на 428 820 теңге айыппұл салынды. Сот шешімімен келіспегендіктен "Урал-Кров-Авто Плюс" ЖШС апеллияциялық шағым берді. Алайда соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды", - деп хабарлайды министрлік.
Нәтижесінде "Урал-Кров-Авто Плюс" ЖШС мен тұтынушы арасындағы жасалынған автокөлікті жеткізу туралы келісімшарт бұзылып, 11 022 300 теңге қаражат тұтынушыға қайтарылды.