АСТАНА, 18 қаңтар – Sputnik. "АрселоМиттал Теміртауда" газ құбыры опырылып түсті, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
"18 қаңтарда таңғы сағат 6:10-да тікелей коксты газ құбыры опырылып түсті. 20 метр аумаққа зақым келді", - делінген компанияның хабарламасында.
Зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себебі анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, жақында, 13 қаңтарда "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі ЖЭО-2 орталығында газ жолы жартылай опырылған болатын.
Бұған дейін Қазақстан үкіметі кәсіпорынға қаржылық, техникалық және экологиялық аудит жүргізу үшін тәуелсіз халықаралық сарапшыларды тартқанын хабарлады.