АЛМАТЫ, 17 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысында есірткі қылмысын ашу барысында қару-жарақ сақталған орын табылды, деп хабарлады Polisia.kz.
Жамбыл облысының полициясы Төле би ауылында бос қалған ғимараттың ішінен қару-жарақ арсеналын тапты.
Жартылай автоматты тегіс ұңғылы Mossberg мылтығы, екі тегіс ұңғылы ИЖ-16 мылтығы, екі ұңғылы ТОЗ-16 екі шолақ мылтық, төрт ұңғылы ПБ-4 Оса тапаншасы, Револьвер Reg agent газ тапаншасы, ПМ тапаншасы, жарық дыбыстық гранаталар мен оқ-дәрілер тәркілеп алынды.
Табылған ПМ тапаншасы қаңтар оқиғалары кезінде полиция департаментінің қоймасынан ұрланған екен.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың ақпаратына сүйенсек, есірткіге қарсы күресушілер жыл басынан бері төрт қару-жарақ орнын тапты.
Жақында ғана Тараз қаласы "Тектұрмас" кесенесінің аумағында және Ниетқалиев көшесінің бойындағы салынып бітпеген үйдің жертөлесінен газды-травматикалық тапаншалар, ПМ тапаншасы, Benelli САТ 13299 карабин, екі ұңғылы аңшылық шолақ мылтық, жарық дыбыстық және газ шашатын гранаталар, оқ-дәрілер жасырылған екі орын табылды.
Алынған қару-жарақтың кейбіреулері Алматы қаласындағы қару-жарақ дүкені мен екі полиция департаментінің қоймасынан алынған. Осыдан бір күннен кейін Талдықорған қаласында есірткі өткізушінің пәтерін тінту барысында газ пешінің ішінен есірткі салынған пакет, жарықшақты граната және оқ-дәрілер табылған.
Барлық дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-баллистикалық сараптамалар жүргізіліп жатыр.
"Полицияға қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсыру, сондай-ақ қару-жарақ жасырылған жер туралы мәліметтерді хабарлау, егер құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, заңмен қудаланбайтындығын ескертеміз. Есімі жарияланбайтындығына кепілдік береміз", - деп хабарлады полиция.