АСТАНА, 17 қаңтар – Sputnik. Еуразия даму банкінің 4,2% акцияларын сатып алуға 20 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, акцияларды сатып алуға қажет сома 2024 жылғы бюджетте көрсетіледі.
"Болжамды сома 20 миллиард теңге шамасында. Бұл акциялардың барлық пакеті бойынша. Егер жылдарға бөлсек, жыл сайын 5 млрд теңгеге жуық. Біз республикалық бюджетке салмақ түсірмеу үшін 3-4 жылға бөліп тастадық", - деді Жамаубаев үкімет кулуарында.
Бұған дейін Қазақстан Ресейдің Еуразия даму банкіндегі 4,2% үлесін сатып алатыны хабарланған еді. Осылайша Қазақстанның үлесі 33%-тен 37,2%-ке дейін ұлғаяды.
Бұған дейін шетелдік БАҚ Қазақстан санкцияларға байланысты Ресейдің Еуразия даму банкіндегі үлесін сатып алу мәселесін қарастырып жатқанын хабарлаған болатын.
Айта кетері, ЕДБ 2006 жылы қаңтарда қол қойылған мемлекетаралық келісім негізінде құрылды. Қазақстан мен Ресей – банктің құрылтайшылары және ірі акционерлері.