АСТАНА, 17 қаңтар – Sputnik. Алматыда бес жігіт қала тұрғынына жабылып, 2,5 миллион теңгесін тартып алды. Сол үшін бесеуі де ауыр жазаға тартылады, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.
Ресми мәліметке сәйкес, бес қарақшы түнгі сағат 11:00-дің кезінде Саина мен Ұлықбек көшелерінің қиылысына өтіп бара жатқан ер адамға шабуыл жасаған. Пышақпен қорқытып, телефонын тартып алған. Сосын мобильді банкинг арқылы жалған есепшотқа 2,5 миллион теңге аударып беруге мәжбүрлеген.
Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктілердің бәрі ұсталды. Ең үлкені 22 жаста, ал кішісі – 19-да. Бесеуі де жалдамалы пәтерде тұрды, еш жерде жұмыс істемеді.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігі ("Қарақшылық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатындағы шабуылға ұшыраған адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi күш колдану") бойынша тергеу басталды.
Айта кетері, осы қылмыс үшін жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамдардың мүлкі тәркіленеді.