Спорт

Универсиада – 2023: Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті

Sputnik
АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өтіп жатқан Универсиадада қазақстандық спортшы "алтын" медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sports.kz.
Ерлер арасында биатлоннан 15 шақырымға жеке жарыс өтті. Қазақстан намысын Александр Мухин, Вадим Куралес, Кирилл Бауэр және Бекентай Тұрлыбек қорғады.
Вадим Куралес ең үздік нәтиже көрсетіп, Қазақстан қоржынына алғашқы медаль салды. Отандасымыз қашықтықты 42:37.4 секундта еңсерді.
Күміс медаль норвегиялық Эрьян Мосенгке (+42.6) бұйырса, француз Аксель Гарнье (+1:16.5) қола жүлдегер атанды.
Еске салсақ, Универсиада АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатыр. Оған әлемнің 50 елінен студенттер қатысуда.
Қазақстанның намысын спорттың он түрінен 78 спортшы қорғайды. Студенттер биатлон, сноуборд, шаңғы, тау шаңғысы, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы қоссайысы, коньки, шаңғымен трамплиннен секіру және шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен бақ сынайды.