АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысында жер үйде газ баллоны жарылып, бір адам қаза болды.
ТЖМ баспасөз қызметінің ақпаратынша, оқиға 14 қаңтар сағат 18.41-де Шардара ауданында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жер үйде газ баллоны жарылып, 84 шаршы метр аумақта үйдің шатыры мен қабырғалары опырылған. Бірақ өрт шыққан жоқ.
Құтқарушылар келгенге дейін көршілер үйінді арасынан екі баланы алып шығып, орталық аудандық ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер балаларға медициналық көмек көрсетіп жатыр.
Сондай-ақ оқиға орнынан әйелдің мәйіті табылды. Қазіргі таңда оның кім екені анықталуда.