АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Шымкентте Еңбекші ауданындағы индустриалды аймақта өрт шықты, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 10:47-де "101" пультіне өрт туралы ақпарат келіп түскен. Макулатураны қайта өңдейтін компания аумағындағы цех өртенді.
"Оқиға орнына бірінші болып жеткен өрт сөндіру бөлімшелері өрт "Оңтүстік" индустриалды аймағында макулатураны өңдейтін "Бумпром" ЖШС аумағындағы болғанын анықтады", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Бір қабатты жеке тұрған цех өртенді. Оның ішінде 3 тонна макулатура болған. Алдын ала болжам бойынша, өрт аумағы 200 шаршы метрді құрады.
Өрт 12:37-де оқшауланып, 13:18-де жойылды. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.