Өңірлер

Екібастұзда бірнеше тұрғын үй тағы да жылусыз қалды

Орамішілік жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Sputnik
АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Орамішілік жылу желісіндегі жұмыстарға байланысты бірнеше тұрғын үй жылудан ажыратылды, деп хабарлайды әлеуметтік желіде "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС.
Компаниядағылар сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін 20 көпқабатты, 106 жеке тұрғын үй, 14 заңды тұлға және екі әлеуметтік нысан жылу беруден ажыратылғанын айтты.
"Өшіру уақыты болжамды түрде көрсетілді", - деп мәлімдеді "Екібастұзжылуэнерго".
Айта кетері, қалада бірінші рет жылу өшіп жатқан жоқ. Екібастұзда жылу желілеріндегі апаттан кейін былтыр 28 қараша мен 8 желтоқсан аралығында жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланған болатын. Ол кезде 13 мыңнан астам азаматтың үйлері жылу, ыстық су, кәріз жүйесінен ажыратылды.