Шығыс Қазақстанда құтқарушылар мұз үстінде жүретін жүргізушілерге ескерту жасады

Sputnik
АЛМАТЫ, 14 қаңтар – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті мұз үстінде жүретін жүргізушілерге ескерту жасады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Көлік жүргізушілері мұздан өткенде көлігінің төрт есігін ашып, секіруге дайын отыруға тиіс. Мұз жарылып көлік суға батса есіктен секіріп үлгереді.
"Көлігі мұз астына түсіп кететіндердің көбі бізді көмекке шақырмайды. Өкінішке қарай мұз ойылып, қайтыс болатындар саны да азаймай тұр. Өткен жылы 4 балықшы көз жұмды", - дейді ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Марина Лискова.
Мұз үстінде жүру ережелері:
мұзға баяу шығыңыз;
қауіпсіздік белдіктерін шешіңіз;
мұз өткелінде тоқтауға, серпіліспен қозғалуға, бұрылуға, көліктерді басып озуға тыйым салынады;
көлікке ауыр жүк тиемеңіз;
тұманды немесе боранды күндері мұз үстіне шықпаңыз.
Құтқарушылардың айтуынша, жеңіл көліктер өту үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 30 см, жүк көліктері үшін кемінде 50 см болуы керек.
Шығыс Қазақстан құтқарушылары дабыл қақты
Берік мұз:
жасыл немесе көкшіл реңктері бар мөлдір мұз;
ашық, қарсыз кеңістікте мұз әрқашан қалың болады.
Жұқа мұз:
мұздың түсі сүт тәрізді, лай, сұр мұз, әдетте кеуекті, мұндай мұз жарылып кетеді;
мұз ағынды жерде жұқа, әсіресе жылдам, терең және желге ашық жерлерде, батпақты жағалауларда, қамыс және басқа да су өсімдіктері өсетін жерлерде жұқа болады.
"Жарылған мұз қаншалықты қалың болса да оған шығуға болмайды. Мұзға мүлдем шықпаған дұрыс. Көктемде сең жүре бастаған кезде, сондай-ақ күзде көлікпен мұз өткелінен өтуге болмайды", - деп атап өтті ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбеков.