Бибігүл Жексенбай сенаторлыққа не үшін сайланғанын айтты

Sputnik
АСТАНА, 14 қаңтар — Sputnik. Журналист Бибігүл Жексенбай сенатор болып сайлануына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенат төрағасының кеңесшісі Жексенбайға алдын ала қорытындыға сәйкес, 29 депутаттың 18-і дауыс берді.
"20 жылдан астам уақыт Астана қаласында тұрамын. Кезінде микрофон құшақтап, біраз мәселені көтердім. Халықты қандай мәселе толғандыратынын, елдің жай-күйін журналист ретінде, қоғам белсендісі ретінде көріп жүрміз, оны нақты қалай шешуге болатынын білемін. Сондықтан осы бағытта көп проблеманы шешуге өз үлесімді қоссам деп сайлауға түстім", - деді Жексенбай журналистерге берген сұхбатында.
Журналист өз бағдарламасында қалаға қатысты біраз мәселені көтергенін жеткізді.
"Соның ішінде елордамыздың цифрланғанын, әлемдегі ең мықты астаналардың қатарына қосылғанын көргім келеді. Журналист ретінде көптеген мемлекетті аралап жүрміз. Олардың керемет жетістіктері едордамызда да болғанын қалаймын. Сондықтан бүгін өз таңдауын жасаған мәслихат депутаттарының үміт-сенімін қолымнан келгенше ақтауға тырысамын", - деп атап көрсетті Жексенбай.
Жаңадан сайланған сенатор журналистердің де мүддесін қорғауға уәде берді.
"Мен 30 жылдан бері журналистика саласында жүргеннен кейін журналистердің мүддесін қорғауға барынша атсалысамын. Негізгі мәселелерін жақсы білемін. Біздің кәсіби тұрғыдан да жетілетін тұстарымыз өте көп. Қоғамның және биліктің журналистке деген көзқарасын өзгертіп, нақты бір шешімдерді енгізуге барынша атсалысамын", - деді Жексенбай.
Айта кетері, Астанадан тағы бір депутат сайланды. Андрей Лукин бұған дейін сенатор болған. Бүгін осы қызметке қайта сайланды.