АСТАНА, 13 қаңтар – Sputnik. Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды қаржы реттеушісінің баспасөз қызметі.
Мұндай шешім инфляцияның Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес келуіне байланысты қабылданған.
"Айлық инфляция біртіндеп баяулап келеді, бірақ ол өзінің орташа жылдық мәндерінен жоғары күйінде қалып отыр. Инфляциялық тәуекелдер балансы проинфляциялық күйін сақтап қалды, себебі инфляцияның орнықты бөлігі жоғары қалыптасып, инфляциялық болжау қарқын алды. Логистикалық тізбектердің құрылымдық өзгеруі экономикаға теріс ықпалын тигізіп жатыр. Сақталып отырған тәуекелдер базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт ішінде ағымдағы мәнде ұстап тұруды талап етеді", - деп түсіндірді Ұлттық банк.
Бұл ретте Ұлттық банк базалық мөлшерлемені одан әрі көтеру әлеуеті шектеулі екенін атап өтті.
Айта кетері, Қазақстанда соңғы рет базалық ставка 5 желтоқсанда жылдық 16%-тен 16,75%-ке дейін көтерілген болатын.
Базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешім 2023 жылғы 24 ақпанда жарияланады.
2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық мәні 20-21% болжамды мән аралығында қалыптасып, 20,3%-ті құрады. Жылдық инфляция құрамында азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы ең жоғары өсімді көрсетті. Ақылы қызметтер инфляциясы өзгеріссіз қалды, оған тұрғын үйді жалдау құнының төмендеуі мен реттелетін қызметтер бағасының баяу өсуі әсер етіп отыр.