Талдықорғанда екі әйелмен арақ ішкен ер адамның мәйіті табылды

Sputnik
АСТАНА, 13 қаңтар – Sputnik. Талдықорған қаласында пәтерден ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ішкі істер министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.
11 қаңтарда полицияға көпқабатты тұрғын үйдің бірінде 42-жастағы ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабар түскен. Оның денесінде пышақ жарақаты болған. Пәтер бірге тұратын ер мен әйелге жалға берілген.
Полицейлер сол күні кешкі уақытта екеуінің мерекелік дастарқан ұйымдастырғанын анықтады. Әйел өзінің құрбысын қонаққа шақырып, үшеуі ішімдік ішкен.
"Ер адамдың өліміне онымен бірге тұратын 33 жастағы әйелдің қатысы бар болып шықты. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Оқиға орнынан табылған асхана пышағы тәркіленді. Қылмыстың куәгері болған қонақтан да жауап алынды", - дейді қалалық полиция бастығының орынбасары Шыңғыс Нұрахимов.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Бұл қылмыс үшін сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.