Астанада бір-бірімен қалжыңдаған ерлі-зайыптыға айыппұл салынды

Sputnik
АСТАНА, 13 қаңтар – Sputnik. Астанада күйеуімен қалжыңдаған әйелдің әрекетінен кейін әкімшілік іс қозғалды. Құтқарушыларға жалған ақпарат берген ер адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Astana TV арнасына сілтеме жасап.
Үйде отырған әйел күйеуіне пранк жасаймын деп, ас үйдегі плитаны видеоға түсірген. Сосын монтаж арқылы арнайы эффект қосқан. Осылайша плита жарылғандай етіп жасап, видеосын күйеуіне жіберген. Зәре-құты қашқан ер адам бәрін тастап, үйіне жүгірген. Жол-жөнекей өрт сөндірушілерге, жедел жәрдемге және полицияға хабар берген.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Эльмира Шауленованың айтуынша, ер адамның айтқан мекенжайына полиция қызметкерлері де барған. Алайда плитаның жарылғаны расталған жоқ. Осыдан кейін арнайы қызметтерге жалған хабар бергені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 438-бабы бойынша хаттама рәсімделді. Ер адамға айыппұл салынды. Ол 46 мың теңге төлейді.
Ал 20 секундтық видео желіде тарап кетті. Қазақстандықтар күйеуімен қалжыңдасқан әйелді сынға алды.