Ақтөбе облысында аязда жолда қалған Өзбекстанның 30 азаматы құтқарылды

Sputnik
АСТАНА, 13 қаңтар – Sputnik. Ақтөбе облысының құтқарушылары Краснодардан Сарыағашқа бет алған автобустан Өзбекстанның 30 азаматын эвакуациялады, деп хабарлады жұма күні Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің "Дуне" ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, 12 қаңтарда Самара-Шымкент жолының 819-шақырымында аяз салдарынан автобустың жанармайы қатып қалған.
"Ақтөбе облысы Хромтау ауданының құтқарушылары барлық жолаушыны – Өзбекстанның 31 азаматын Хромтау қаласындағы "Шерхан" кемпингіне жеткізді. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта автобустың ақауын жою жұмысы жүргізіліп жатыр", - деп жазды "Дуне" сайты.
Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы қолайсыз ауа райында қиын жағдайға тап болған азаматтарға елдің Астанадағы елшілігіне (+717 2954252), Алматыдағы (+7273902616) және Ақтаудағы (+77292777117) бас консулдықтарына хабарласуға болатынын еске салды.