Алматыда су құбыры жарылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 13 қаңтар – Sputnik. Алматыда су құбыры жарылды, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Мыңбаев көшесі 49 мекенжайында түнде сағат 03:40-та құбыр жарылып, қаланың солтүстік бағытындағы көшелерді, әсіресе Әуезов көшесін су басып кетті. Су Райымбек даңғылына дейін жеткен, ол жерден арыққа түсіп жатыр.
Көктайғақтың алдын алу үшін Алматы тазалық қызметкерлері жол бойына және тротуарларға көктайғаққа қарсы құм сеуіп жатыр.
"Апаттың салдары бүгін жойылады. Су басқан орындарда көктайғақ болады, жүргізушілерді жылдамдықты азайтып, көлік арасындағы арақашықтықты ұлғайтып, апатты жағдайды туындатпас үшін оқыс әрекеттер жасамауға шақырамыз", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Су басқан аумақтарды мүмкіндігінше айналып өтіңіздер, дейді әкімдік.